


ҚР ПІБ МО ауруханасының дәрігерлері халықаралық деңгейдегі конференциялар мен форумдарға тұрақты түрде қатысып отырады. Олар медицинаның заманауи жетістіктерін меңгеріп, өз білімін үнемі жетілдіріп келеді. Аурухананың мамандары әлемнің жетекші клиникаларымен және білікті сарапшыларымен тығыз байланыс орнатып, үздік тәжірибені күнделікті жұмыста қолдануға тырысады. Бұл олардың жоғары кәсіби деңгейін, сұранысқа ие екенін және заманауи медицинаның талаптарына сай қызмет көрсететінін көрсетеді.
Аурухана директорының стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары Насрулла Шаназаров Қытайдың Шанхай қаласында өткен Дүниежүзілік фотодинамикалық терапия конгресіне қатысты. Форумда маман оқыған «Қазақстандағы фотодинамикалық терапия» тақырыбындағы баяндама көпшіліктің, оның ішінде Дүниежүзілік фотодинамикалық терапевтер қауымдастығының президенті, ұлыбританиялық профессор Колиннің қызығушылығын тудырып, сұрақ жаудырған. Конгресс қорытындысы бойынша Қытай тарапымен серіктестік туралы меморандумға қол қойылып, қазір біз таныстырған монография қазір қытай тіліне аударылып жатыр. Өздерінде шығаруды жоспарлап отыр.
Аталмыш конференцияға ҚР ПІБ МО ауруханасының тағы бір дәрігері Қалдыгүл Сейітбекова да қатысып, баяндама оқығанын айта кеткен жөн. Конгресске 22 елдің 1000-нан астам маманы қатысты.
Шотландияның Глазго қаласында жыл сайын Аллергологтер мен клиникалық иммунологтердің Еуропалық академиясының конгресі өтеді. Биылғы іс-шараға ҚР ПІБ МО ауруханасы атынан Аллергология орталығының меңгерушісі, бас аллерголог-иммунолог Ғалия Түсіпбекова қатысты.
Дәрігер «Созылмалы есекжем. Қазақстандағы UCARE-орталықтардың тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесін бөлісті. Сонымен қатар, аурухананың аллерголог-иммунолог дәрігері Даурен Ташеновпен бірлесіп қосымша баяндама ұсынды.
Ұсынылған баяндамалар конгресс тыңдаушыларының үлкен қызығушылығын тудырып, Қазақстандағы аллергология саласының даму қарқыны мен тәжірибелік үлгілері халықаралық мамандар тарапынан оң бағаланды.
Ресейдің Мәскеу қаласында өткен «XXI ғасыр пульмонологиясы» Ұлттық конгресіне ҚР ПІБ МО ауруханасының бас терапевті, Респираторлық медицина орталығының басшысы Роза Бакенова қатысып, «Өкпенің интерстициальді аурулары: тәжірибе мен болашағы» тақырыбында баяндама оқыды. Ол Ауруханадағы Респираторлық медицина орталығының интерстициальді өкпе ауруларын емдеудегі жетістігін атап өтіп, көпшіліктің оң ықыласына бөленді. Халықаралық конгресс қорытындысы бойынша ҚР ПІБ МО ауруханасы мен Мәскеудегі Сеченовский университеті арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.