Басты бетЯдролық медицина саласына 17 жылы арнаған маман

Ядролық медицина саласына 17 жылы арнаған маман

Ядролық медицина саласына 17 жылы арнаған маман

Ядролық медицина – онкологиялық аурулармен күресте маңызды рөлге ие. ҚР ПІБ МО ауруханасында 2022 жылдан бері өндірістік кешені бар Ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Мұнда әзірге 7 түрлі радиофармацевтикалық препарат шығарылады.

Ядролық медицина орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова орталықтың қалыптасу тарихы мен жеке кәсіби жолы туралы айтып берді.

- Сіз ядролық медицинаға қалай келдіңіз?

- Менің ядролық медицинадағы жолым жас кезімде басталды. Радиология саласында жұмыс істеп жүрген жерімнен Қазақстандағы алғашқы Ядролық медицина орталығында, радиоизотопты диагностика бөлімшесінде жұмыс істеуге шақырту алдым. Кеудемді қуаныш кернегенімен, толқығаным да жасырын емес, себебі менің алдымда үлкен таңдау тұрды. Сөйтіп Қазақстан үшін әлі тың бағытты дамытуға үлес қосамын деген шешім қабылдадым. Сол сәттен бастап осындай таңдау жасағаныма бір рет өкінген емеспін.

Радиологиядағы жалпы тәжірибем 34 жыл болса, оның тең жартысын осы Ядролық медицина саласына арнаппын. Кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік берген еліме, әсіресе Қазақстанда ядролық медицинаның дамуына негіз болған алғашқы орталыққа алғысым шексіз. Осындай бастамалардың арқасында атом өндірісімен байланысты сала медициналық бағытта қарқынды дамып келеді.

- ҚР ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығының жұмысы туралы айтып беріңізші

- Біздің орталық тарихы 2015 жылдан басталады. Ол кезде біз радиофармацевтикалық препараттарды Республикалық диагностикалық орталықтан сатып алатынбыз. Бірақ олардың өндірістік кешені жиі бұзылатындықтан, радиофармпрепараттар Ауруханаға тұрақты жеткізілмейтін.

Сол себепті өндірістік кешені бар ядролық медицина орталығын құру туралы шешім қабылданып, 2022 жылы орталық ашылды. Мұнда радиофармацевтикалық препараттар шығарылады да бірден диагностикалық бөлімге, кабинеттерге жеткізіледі. Осылайша біз тәуелділіктен арылып, өзімізге қажет препараттарды қазір өзіміз шығаратын деңгейге жеттік. Соның арқасында пациенттерді жыл бойы үздіксіз қабылдаймыз.