





12 мамыр бүкіл әлемде мейіргер ісінің негізін қалаушы Флоренс Найтингейлдің (1820–1910) туған күніне орай Халықаралық мейіргерлер күні аталып өтеді.
Осы атаулы күн аясында ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасында «Мейіргер ісіндегі трендтер, технологиялар, перспективалар» тақырыбында республикалық конференция өтті. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен жиналған мамандармен қатар, Астана қаласының жетекші медициналық мекемелерінен келген мейірбикелер қатысты. Жалпы, конференцияға 226 медицина қызметкері жиналды.
Конференция барысында денсаулық сақтау саласының дамуы, мейіргер ісіндегі заманауи технологиялар мен жаңа тәсілдер жөнінде мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Медицина қызметкерлері тәжірибесін бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылап, кәсіби пікір алмасты.
Конференция ҚР ПІБ МО ауруханасында ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет атқарған, өмірін мейіргер ісіне арнаған марқұм Мадина Жанахметқызы Сариеваның құрметіне арналғанын айта кеткен жөн.
Іс-шара тікелей эфирде онлайн трансляцияланып, эфирге қосылған көрермендер саны 4 мыңға жуықтады.
Сонымен қатар конференция аясында ҚР ПІБ МО ауруханасының үздік мейірбикесін анықтайтын байқау ұйымдастырылды. Нәтижесінде:
- «Хирургиялық блоктің үздік мейірбикесі» номинациясын – Аяулым Қаналбай,
- «Амбулаториялық қызметтің үздік мейірбикесі» аталымын – Евгений Лебольд,
- «Терапиялық блоктің үздік мейірбикесі» атағын – Айзада Еденова иеленді.
Жеңімпаздар мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.