
ҚР ПІБ МО ауруханасының қызметкерлері TazaLike экологиялық акциясын қолдап, бастаманың алғашқы күнінен-ақ белсенділік танытып, әр сенбі сайын сенбілікке шықты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акцияның мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, алдымен өз айналаңа құрмет көрсету.
Тазалық жұмыстары барысында қызметкерлер аурухана маңындағы жолдарды, мекеме аумағын, сонымен қатар көлік тұрағын қоқыстан, пластиктен тазалап, оларды арнайы дорбаға жинады. Олар айналаны көркейту үшін бір кісідей күш жұмылдыра отырып, ұжымның бірлігін көрсетті. Мұндай іс-шаралар тек қана аурухана қызметкерлерінің емес, жалпы қоғамның белсенділігі мен жауапкершілігін арттыруға да әсер етіп, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын айқындайды.
Президент Қасым Жомарт Тоқаев атап өткендей, мұндағы басты ой – ұлттың, елдің келешек рухани болмысын лайықты өркениетті дәрежеге көтеріп, жан мен тазалығын, табиғи үйлесімділік пен адами тәлімді оның ең биік өмірлік құндылықтарына айналдыру.
TazaLike акциясы осындай іс-шаралар арқылы қоғамды тазалыққа және қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырады.