ПЭТ/КТ (компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография) дегеніміз - «көрінбейтінді көруге» мүмкіндік беретін онкологиядағы ең озық гибридті диагностикалық әдістердің бірі. ПЭТ және КТ сынды екі қуатты технологияның үйлесімі ағзаның ішіне бұрын-соңды болмаған дәлдікпен қарауға және ауруларды ерте кезеңде, тіпті олардың айқын белгілері байқалмайтын кезде анықтауға мүмкіндік береді.
ҚР ПІБ МО ауруханасындағы Ядролық медицина орталығының жоғары санатты онколог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Қуантқан Жабағиннің сөзінше, процедура толықтай инвазивті емес және пациент ауырғанын сезбейтіндіктен өте ыңғайлы және қауіпсіз диагностикалық әдіс саналады.
«ПЭТ/КТ ісіктерді енді пайда бола бастаған кезде анықтай алады. Яғни онкологиялық сырқатқа шалдыққан науқастардың өмірін аман алып қалуда оның маңызы аса үлкен. Бұл әдіс ісікті байқап қана қоймай, метастаздар, яғни рак клеткалары денеге таралып кетті ма, әлде жоқ па, бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ПЭТ/КТ емдеудің қаншалықты нәтиже беріп жатқанын бақылап, егер әдеттегі емдеу тәсілдері оң нәтиже бермесе, дер кезінде тәсілді өзгертуге мүмкіндік береді. Оған қоса ем аяқталғаннан кейін пациентте ісік қайта пайда болса, ПЭТ/КТ арқылы соны көріп, ерте кезеңде терапияны бастауға болады», - деп түсіндірді дәрігер.
Қорыта айтсақ, сізге егжей-тегжейлі диагноз қажет кезде ПЭТ/КТ дереу көмекке келеді.
ҚР ПІБ МО ауруханасының Ядролық медицина орталығында радиоизотоптық зерттеудің барлық түрі (сцинтиграфия, ОФЭКТ/КТ, ПЭТ/КТ) бар. Сонымен қатар ҚР ПІБ МО ауруханасы 7 түрлі радиофармацевтикалық препаратпен ПЭТ зерттеулерін жүргізетін Қазақстандағы жалғыз орталық екенін атап өткен жөн.