«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» аясында аурухана дәрігерлері 8 күрделі операцияны сәтті жасап, 90 пациентті қабылдап, 135 медицина қызметкеріне 7 дәріс оқыды. Сондай-ақ Аурухана дәрігерлері жасаған 8 презентацияға 193 маман қатысты.
ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, м.ғ.д., профессор Насрулла Шаназаров ауыр жағдайдағы 25 тұрғынды қабылдап, 57 медицина қызметкеріне кеңейтілген дәріс оқыды. Аурухананың ақылы қызметтер бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты терапевт-профпатолог дәрігер Қаламқас Өтекешева «Аурухананың амбулаториялық қызметінің заманауи мүмкіндіктері. Check-up бөлімшесінің жұмысы» тақырыбында презентация жасап, оған 25 адам қатысты.
Аурухананың эпилептолог дәрігері Ғазиз Қырғызбай «ҚР ПІБ МО ауруханасының «Эпилептология» орталығында эпилепсияны диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдері» және «Эпилепсиялық талманы эпилепсиялық емес түрінен дифференциалдық диагностикалау» тақырыптарында 2 дәріс өткізіп, амбулаториялық жағдайда – 2, неврология бөлімшесінде 1 пациентті қабылдады. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер Саят Бикибаев 31 қызметкерге «Мультимодалды анестезия, операция алдындағы мониторинг. УДЗ навигация және перифериялық блокада» тақырыбында презентация дайындады және операция кезінде ультрадыбыстық навигациямен 3 өткізгіш анестезия жасады. Оған 11 анестезиолог-дәрігер қатысты.
Ядролық медицина орталығының радиоизотопты диагностика дәрігері Ақбала Бекзалбек Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухана мен Облыстық онкологиялық диспансерде «Ядролық медицинаның (ПЭТ/КТ) қазіргі замандағы мүмкіндіктері» тақырыбында презентация өткізді. Оған жалпы саны 72 дәрігер: радиологтар, онкологтар, онкохирургтар және басқалары қатысты.
ҚР ПІБ МО ауруханасы №4 хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты уролог-дәрігер Бахтияр Қасымов Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы мен Облыстық онкологиялық диспансерде жалпы саны 4 күрделі операция жасады. Сонымен қатар 12 тұрғынды қабылдап, дәрігерлік кеңес берді. Аурухананың бас онкологі, медицина ғылымдарының кандидаты Назар Сейдалин көктамырға қолжетімділікті тұрақты қамтамасыз етіп тұру үшін порт-жүйені имплантациялау бойынша ота жасап, 16 күрделі науқасты қабылдады. Сонымен қатар 35 медицина маманына 4 дәріс оқыды.
Аллергология орталығының дәрігері Бөтагөз Давлетова бір презентация жасап, оған 30 адам қатысты. Сондай-ақ 21 пациентті қабылдап, кеңес берді. Гастроэнтерология және эндокринология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлімай Жәділ 35 адамға 2 презентация жасап, 5 күрделі науқасты қабылдады. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде 2 пациентті және терапия бөлімшесінде 10 науқасты қарап-тексеріп, дәрігерлік кеңес берді.