Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА) - созылмалы респираторлық ауру, ол тыныс алу жолдарының тарылуына байланысты ауа ағынының прогрессивті және ішінара қайтымды шектелуімен сипатталады.
Қазіргі уақытта ӨСОА бүкіл әлем бойынша өлім-жітімнің кең таралған төртінші себебі болып табылады, сонымен қатар 2030 жылға қарай ӨСОА бүкіл әлем бойынша өлім-жітімнің үшінші себебі болады деп болжанып отыр. ӨСОА салдарынан болған өлімінің көп бөлігі (шамамен 90%) дамып жатқан елдерде, ал асқынулардан 3 миллионға жуық адам қайтыс болады.
ӨСОА даму себептері:
Өкпе тіндерінің ішінара бұзылуы, тыныс алу жолдарының қақырықпен бітелуі, қабыну процесі және тыныс алу жолдарының сілемейлі қабығының ісінуі.
Қауіп факторлары:
- белсенді немесе пассивті темекі шегу кезінде темекі түтінін жұту;
- өндірісте шаң, түтін немесе химиялық заттарды жұту;
- орынжайларда ауаның ластануы: тамақ дайындау және жылыту (ағаш, көң, өсімдік қалдықтары) үшін биомасса негізіндегі отынды немесе көмір қолдану;
- өкпенің толық өсуіне және дамуына кедергі келтіретін бала кезінде жиі, ауыр респираторлық инфекцияларға шалдығу; балалық шақтағы демікпе;
- сирек кездесетін генетикалық бұзылыс – альфа-1-антитрипсин жеткіліксіздігі, бұл ӨСОА ерте жаста дамуына әкелуі мүмкін.
Аурудың белгілері:
- жөтел, кейде қақырықты жөтел
- қиын, ысқырықты тыныс алу
- тез шаршау
Алдын алу: Қауіп факторларын болдырмау. Темекі шегуден бас тарту, кәсіптік зиян жұмыс кезінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау техникасын сақтау, бронх-өкпе аурулары мен респираторлық вирустық инфекциялардың өршуінің алдын алу маңызды.
ӨСОА шалдыққан пациенттер мен өкпенің басқа созылмалы аурулары бар адамдарға госпитализацияға әкелетін ауыр ӨСОА өршуінің алдын алу үшін пневмококкқа қарсы жоспарлы вакцинациядан және маусымдық тұмауға қарсы вакцинациядан өту ұсынылады.