«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының білікті дәрігерлері Павлодар облысындағы жұмыс сапарының алғашқы күнін тәмамдады.
Бағдарлама кестесіне сай ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары, жоғары санатты нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев сол жақ ішкі каротид артериясының аневризмасын стентпен эмболизациялау және сол жақ парието-оксипитальды бөліктің жарылған артерио-веноздық ақауын эмболизациялау бойынша 2 күрделі операцияны сәтті жасап, 4 өңір тұрғынына дәрігерлік кеңес жүргізді. Гинекологиялық хирургия бөлімшесінің гинеколог дәрігері Әділ Адрешев 2 күрделі операция жасады.
Сонымен қатар ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының емдік жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева облыстың түрлі медициналық мекемесінен келген 87 әріптеске шеберлік сабағын және Клиникалық фармакологиялық бөлімшесінің жұмысын жандандыру бойынша дәріс өткізді.
Анестезиология, реанимация, қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Бауыржан Бабашев «Сепсис, жаңа ұсыныстарға шолу», «Мультимодальды анестезия», «Ультрадыбыстық зерттеу навигациясы кезінде аймақтық ауырсынуды басу» тақырыптарында 40 жергілікті медицина қызметкерінің қатысуымен 3 дәріс оқыды. Сондай-ақ аймақтық анестезия бойынша 10 өңірдегі әріптесіне шеберлік сабағын өткізді.