«ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының білікті дәрігерлері Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының алғашқы күнін тәмамдады.
Бағдарлама кестесіне сай ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары, жоғары санатты нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев Тараз қалалық көпбейінді ауруханада 8 күрделі операцияны сәтті жасап, 12 өңір тұрғынына дәрігерлік консультация жүргізді.
Сонымен қатар ауруларды алдын алуда диагностикалау, емдеу және сауықтыру саласында тәжірибе алмасу, заманауи әдістерімен бөлісу мақсатында ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының емдік жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева облыстың түрлі медициналық мекемесінен келген 56 әріптеске «Сепсис кезіндегі антибиотикалық терапия. Антибиотикке төзімділік» тақырыбында және аурухана басшылығының өтінішімен 16 фармаколог пен дәрішіге аурухана дәріханасы туралы дәріс оқыды.
Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында Дербестендірілген геномдық диагностика зертханасының меңгерушісі Гүлшара Әбілдина «Мақсатты препараттарды таңдау үшін онкологиялық аурулардағы генетикалық зерттеулер» және медицина ғылымдарының кандидаты, бас онколог Назар Сейдалин «Сүт безі қатерлі ісігі мен меланомадағы қарауыл лимфа түйіндерінің биопсиясы» тақырыбында 25 өңір маманына дәріс жүргізді.
Жамбыл облысындағы іс-шаралар 29 қыркүйекке дейін жалғасын табады.