ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасында диагностикалық қызметтер кешенін ұсынатын Check-up бөлімшесі жұмыс істейді.
Check-up бөлімшесі 2021 жылдың қаңтар айында ашылған. Бөлімше аурухананың емханалық қызметінің құрамдас бөлігіне кіреді. Check-up – Оңтүстік Кореяның тәжірибесінен алынған адам ағзасындағы қарапайым ауруларды ерте бастан анықтап, алдын алуға бағытталған кешенді медициналық тексеру бағдарламасы. Соңғы жылдары отандық медицинада танымал болған Check-up бағдарламасы емделушінің ең алдымен уақытын үнемдейді.
Check-up бөлімшесі республиканың кез келген түкпірінен келген емделушіні қабылдайды. Дәрігерге дейінгі кабинеттен кеңес алып, диагностикалық тексеріс бағдарламасын таңдаған емделуші терапевт, стоматолог, хирург, гинеколог, офтальмолог, уролог және өзге де негізгі дәрігерлердің қабылдауында болады және қажетті қан талдауларын тапсырып, ЭКГ, УДЗ және МРТ диагностикаларынан өтеді. Барлық тексеріс нәтижесімен терапевт емделушінің денсаулығына қатысты қорытынды жасайды. Таңдалған бағдарлама шеңберіндегі тексеріс аяқталған соң емделушінің қалауымен тар бейінді мамандарға жіберіледі немесе операция қажет етілген жағдайда ауруханаға жатқызылып, қосымша қажетті шаралар қолданылады.
Бөлімше қызметіне жүгінетіндердің орта жасы 45-50-ді қамтыса, ер мен әйелдер тең деңгейде қаралады. Тіпті республикадан бөлек, Америка, Канада, Италия және өзге де шет елдерден ҚР ПІБ МО ауруханасының Check-up бөлімшесін таңдап келген емделушілер де бар.
– Біздің аурухананың Check-up қызметі өзге шет елдердікінен кем түспейді. Оған үш себепті атай аламын. Заманауи медициналық жабдықтау, жоғары санатты дәрігерлер және тілдік кедергінің болмауы. Неліктен көп емделуші бізді таңдайды? Себебі аурухана көп бейінді болғандықтан, барлық диагностикалық жабдықтау бір жерде шоғырланған. Сондай-ақ зертханалар халықаралық стандарттарға сай сертификатталған. Өзге ауруханалармен салыстырғанда Check-up құны да біркелкі, – дейді Сһеск-up бөлімшесінің меңгерушісі Жазира Тұңғышбаева.
ҚР ПІБ МО ауруханасының Check-up бөлімшесі толыққанды диагностикалаудың 8 стандарт, 2 базалық және 6 премиум бағдарламасын ұсынады. Тексерістен дәл нәтижелер алу үшін емделушілерге арнайы нұсқаулық бойынша дайындық шаралары ескеріледі. Сонымен қатар тексеруді күндізгі немесе тәулік бойы стационардың 1-2 орынды палатасы жағдайында ұйымдастыруға болады. Check-up бағдарламалары мен бағасын ҚР ПІБ МО ауруханасының ресми сайтынан көруге болады.