ҚР ПІБ МО ауруханасының терапия қызметі ішкі ағзалардың түрлі аурулары бар науқастарға консультациялық-диагностикалық медициналық көмек пен емдеуді қамтамасыз етеді.
Терапия блогы 8 бөлімшеден тұрады және келесі бейіндер ұсынылған: кардиология, пульмонология, неврология, ревматология, нефрология, гастроэнтерология, эндокринология және оңалту.
Аурухананың Терапия блогындағы терапиялық қызметтің маңызды жұмысы туралы директордың емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева айтып береді.
– ҚР ПІБ МО ауруханасында терапиялық қызметтің қалыптасуы туралы айтып беріңізші?
– ҚР ПІБ МО ауруханасы 1997 жылы Қазақстан Республикасының астанасын Алматы қаласынан көшіруге байланысты Астана қаласында мемлекеттік қызметкерлерге медициналық көмек көрсету үшін ашылды. Бастапқыда емхана ретінде ұсынылып, кейінірек 22 терапиялық және 15 хирургиялық төсекке арналған стационар ашылды.
Аурухана 2015 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, Терапия блогы 89 төсекке дейін кеңейген кезде 4 терапия бөлімі жұмыс істеген. Алайда емделушілердің шамадан тыс сұранысына қарай 2022 жылдың соңында 213 төсектік жаңа корпус ашылды. Аурухананың жаңа ғимаратында терапия бөлімшелерінен басқа, сараптамалық таптағы ең жаңа медициналық техникамен жабдықталған үлкен Диагностикалық блок пен Оңалту орталығы бар.
Жаңа бөлімшелерге персоналды іріктеу мұқият жүргізілді, біз жаңа бөлімшелерде жұмыс істеу үшін ҚР үздік мамандарын тартуға тырыстық. Бүгінгі таңда Терапия блогында жоғары білікті дәрігерлер, мейірбикелер және санитарлардан 708 адам жұмыс істейді.
– Аурухананың терапия қызметі қалай ерекшеленеді?
– Ауруханадағы терапия қызметі көпсалалы емдеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Біз терапиялық бейіндегі үздік мамамандарымыздың жетістіктерімен мақтана аламыз. Әр емделуші – бұл жаңа оқиға. Бір-біріне ұқсамайтын жағдайлармен кезігеміз. Бізге Қазақстанның барлық өңірінен ауыр және күрделі сырқаты бар науқастар келеді. Терапевт дәрігерлердің жоғары біліктілігі, бөлімшенің соңғы озық технологиялармен жабдықталуы, қуатты диагностикалық және оңалту блогтары, ең бастысы, емдеудегі көпсалалы тәсілдер диагнозды анық қоюға және науқастарға тиімді ем тағайындауға көмектеседі. Сондай-ақ әр емделушімен жұмыс істеуде дәрі-дәрмек терапиясын тағайындауға және оңалту мен қалпына келтіру бағдарламасын таңдауға қатысты жеке тәсілдер қолданылатынын атап өткен жөн. Бұл емделушінің денсаулығын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
– ҚР ПІБ МО ауруханасына жүгінудің артықшылықтары қандай?
– Атап өткенімдей, ең алдымен медицина қызметкерлері деп айтар едім. Ауруханада жұмыс істейтін сауатты және жоғары білікті терапевт дәрігерлер диагностика мен емдеудің халықаралық стандарттарын басшылыққа алады және заманауи тәсілдерді пайдалана отырып емдейді, сондай-ақ өз білімдерін үнемі жетілдіріп отырады.
Аурухана Ұлттық аккредиттеу жүйесімен және JCI халықаралық аккредиттеуімен аккредиттелген, бұл медициналық қызмет көрсетудің жоғары деңгейін көрсетеді.
Сонымен қатар ауруханада бактерияға қарсы препараттарды ұтымды пайдалану бағдарламасы, антикоагулянттарды қауіпсіз пайдалану бағдарламасы, дәрігерлерге емдеу процесін ұтымды етуге, жанама әсерлердің дамуын болдырмауға және азайтуға, емдеуді дұрыс тағайындауға көмектесетін полипрагмазия бағдарламасы сияқты маңызды бағдарламалар енгізілген.
Үш бағыт бойынша жұмыс істейтін қуатты оңалту блогын атап өту керек: миокард инфарктісінен және кардиохирургиялық операциялардан кейін оңалту, инсульт пен нейрохирургиялық араласулардан кейін оңалту, травматологиялық және ортопедиялық операциялардан кейін оңалту. Бұл бағдарламаның барлығы науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту және қалыпты жағдайға оралуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.
Қазір біз көпсалалы терапия орталықтарын құрып жатырмыз. Мәселен, Респираторлық медицина, Асқазан-ішек жолдары аурулары, Аутоиммунды аурулар орталықтары ашылған, олар жетекші терапевт мамандардың басшылығымен жұмыс істейді. Бұл орталықтар тиісті бағыттарды дамытуға, диагностика мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізуге, мамандарды оқытуға арналған.
Біздің мақсатымыз өте өршіл, біз мамандары күрделі, ауыр науқастарға көмектесетін, озық технологияларды енгізетін және ҚР терапия қызметінің жаңашылдары болатын қуатты, бәсекеге қабілетті Терапия блогын құрғымыз келеді.