Кене энцефалиті – негізінен адам организмінің жүйке жасушаларын зақымдайтын жіті вирустық ауру. Ол ми құрылымдары, перифериялық иннервация немесе жұлынның тамырлы жүйке ұштарын зақымдауы мүмкін.
Инфекцияның негізгі көзі – иксод тайга кенесі. Бұл жәндіктердің көбеюі үшін жануардың немесе адамның қаны қажет. Көктем-жаз маусымдылығы жұқтырушы кенелердің биологиясымен байланысты. Вирус инфекция жұқтырған жануарлардың қанымен кененің асқазанына еніп, кененің бойына тарайды, содан кейін басқа жануарларға беріледі.
Вирустың үй жануарларының (ешкілердің) сүтіне енуі дәлелденген, сондықтан адамдар ешкі мен сиыр арқылы алиментарлы жолмен жұқтыруы мүмкін. Бұрынғы Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарында энцефалиттің алиментарлы «ешкі» эндемиялық ошақтары анықталған.
Кене энцефалиті қай жерде жиі кездеседі?
Иксод кенелері қоңыржай орманды жерлерде жиі кездеседі. Бұл паразиттің бірнеше түрі белгілі, бірақ әдетте кене энцефалиті Ixodes Persulcatus (тайга кенесі) немесе Ixodes Ricinus (еуропалық орман кенесі) шағуынан кейін пайда болады. Біріншісі Азияда, екіншісі Еуропа аймағында жиі кездеседі.
Соңғы уақытта кене энцефалиті ауруы Қазақстан аумағында да тіркеліп жүр.
Инкубациялық кезең
Инфекция жұқтырған сәттен бастап кене энцефалитінің алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт шамамен 10-14 күнді құрайды. Бала кезінде кене энцефалитіне қарсы егілген адамдарда инкубациялық кезең ұзағырақ болуы мүмкін.
Аурудың бірнеше кезеңі бар:
- Аса жылдам. Бұл кезеңде алғашқы белгілер бірінші күні пайда болады. Тиісті түрде емделмеген жағдайда науқас адам бірден комаға түсіп, орталық жүйке жүйесінің салдануынан қайтыс болады.
- Ұзақ. Бұл жағдайда инкубациялық кезеңнің ұзақтығы шамамен бір ай, кейде одан да көп болуы мүмкін.
Аурудың алғашқы белгілері (назар аудару керек): әдетте табиғат аясында демалғаннан кейін бір аптадан кейін адамның кенеттен басы ауырып, жүрегі айнып, құсуы мүмкін, дене қызуы 39-40° дейін көтеріліп, әлсіздік сезіледі. Содан кейін ми симптомдары байқала бастайды: аяқ-қолдардың салдануы, қылилық, жүйке ұштары ауырсынуы, құрысу, ақыл-есін жоғалту.
Кене энцефалитінің белгілері
Кене шағып алғаннан кейін вирус тіндерде көбейіп, лимфа түйіндері мен қанға енеді. Вирус көбейіп, қанға енгенде тұмауға ұқсас белгілер пайда болады. Вирус қан-ми тосқауылынан өтіп, ми тінін зақымдайды - неврологиялық белгілер пайда болады.
Бірақ клиникалық көріністердің айқындығы, өршу жылдамдығы мен ерекшелігі аурудың түріне және вирустың орналасуына байланысты.
- Еуропалық – 2 кезеңмен сипатталады. Біріншісі тұмауға ұқсас және шамамен бір аптаға созылады. Екінші фаза әртүрлі дәрежедегі жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталады: жеңіл менингиттен ауыр энцефалитке дейін.
- Қиыр Шығыс – әдетте қызбадан басталады, ауыр өтеді. Қалған белгілер де тез өсіп, паралич пен комаға әкелуі мүмкін. 6-7 күнде адам қайтыс болуы да мүмкін.
Аурудың белгілері мен көріністерінің алуан түрлілігіне қарамастан, кене энцефалитінің 4 негізгі клиникалық формасы бар:
- Қызба. Кене энцефалитінің вирусы ОЖЖ әсер етпейді, тек қызба белгілері пайда болады, атап айтқанда жоғары температура, әлсіздік және дененің ауыруы, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы және жүрек айнуы. Қызба 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Жұлын сұйықтығы өзгермейді, жүйке жүйесінің зақымдану белгілері жоқ. Салдары ауыр емес.
- Менингеалдық. Қызба кезеңінен кейін температура уақытша төмендейді, вирус осы уақытта жүйке жүйесіне еніп, температура қайтадан күрт көтеріледі, неврологиялық бұзылулардың белгілері пайда болады. Адамның басы ауырады, құсады, жарыққа қарай алмайды және бастың артқы бұлшықеттері сіресіп, ми қабығы тітіркеніп, жұлын сұйықтығы өзгереді.
- Менингоэнцефалитикалық – ақыл-ес жоғалту, психикалық бұзылыс, құрысу, аяқ-қол әлсіздігі, параличпен сипатталатын ми жасушаларының зақымдалуы.
- Полиомиелитикалық. Аурудың бұл түрі қатты шаршаудан, жалпы әлсіздіктен басталады. Дене ұйып, содан кейін мойын мен аяқ-қол бұлшықеттері салданады. «Салбыраған бас» синдромы пайда болады. Бір апта ішінде қозғалыс бұзылыстары өршиді, содан кейін зақымданған бұлшықеттерде атрофия пайда болады. Аурудың полиомиелитикалық түрі шамамен 30% жағдайда жиі кездеседі. Ағымы жайсыз, мүгедектікке шалдығу қаупі бар.
Әр адамның кене энцефалитіне бейімділігі әртүрлі болады. Табиғи ошақта ұзақ уақыт өмір сүрген кезде адамды бірнеше рет кене шағуы мүмкін, осылайша ол вирустың шамалы дозаларын қабылдайды. Осыдан кейін қанда антиденелер пайда болады, олардың жиналып, вирусқа қарсы иммунитет қалыптасуына ықпал етеді. Егер мұндай адамдарда инфекция жұқтырса, онда ауру жеңіл өтеді.
Кене энцефалитінің диагностикасы
Кене энцефалиті кезінде мидың томографиялық зерттеулерінің, серологиялық және вирусологиялық зерттеулердің көмегімен диагностика жүргізіледі. Барлық көрсеткіштерге сүйене отырып, нақты диагноз қойылады.
Мидың зақымдануы, ең алдымен, дәрігердің неврологиялық тексеруіндегі шағымдар негізінде анықталады. Қабыну және мидың зақымдану сипаты белгіленеді, энцефалиттің себептері анықталады.
Кене энцефалитін қалай емдеуге болады
Кене энцефалитінің нақты емі жоқ. Орталық жүйке жүйесінің зақымдануын (менингит, энцефалит) көрсететін симптомдар пайда болған кезде науқасқа демеуші ем көрсету үшін дереу госпитализациялау керек. Симптомдық емдеу ретінде көбінесе кортикостероидты дәрілік заттар қолданылады. Ауыр жағдайларда трахеяны интубациялау, содан кейін өкпені жасанды желдету қажет болады.
Этиотропты терапия кезінде кене энцефалиті вирусына қарсы титрленген гомологты гамма-глобулин тағайындалады. Осы препараттың арқасында, әсіресе аурудың ағымы ауыр немесе орташа ауыр болғанда, айқын терапиялық әсерді байқауға болады. Үш күн бойы бұлшықетке 6 мл гамма-глобулин салынады. Дәрілік әсер препаратты енгізгеннен кейін 13-24 сағаттан кейін байқалады – науқастың дене температурасы қалыпқа келеді, жалпы жағдайы жақсарады, менингеалдық құбылыстар мен бас аурулары азаяды, тіпті толығымен басылуы мүмкін. Соңғы жылдары кене энцефалитін емдеу үшін сарысу иммуноглобулинін және гомологиялық полиглобулин қолданылады, олар кене энцефалитінің табиғи ошақтарында тұратын донорлардың қан плазмасынан алынады.
2-3 апта қарқынды емдеуден кейін ғана организм функциялары қалыпқа келеді және жағдайы тұрақталса пациентті стационардан шығаруға болады. Ауыр жұмыс істеуге, ақыл-ойға шамадан тыс күш салуға болмайды. Жиі-жиі серуендеу ұсынылады, кенеге қарсы құралдарды қолданған жөн. Келесі екі жыл ішінде міндетті түрде дәрігерге қаралып тұру керек.
Кене энцефалиті және оның алдын алу
Кене энцефалитінің нақты алдын-алу шарасы ретінде вакцинация қолданылады, бұл алдын алудың ең сенімді жолы. Эндемиялық аудандарда тұратын немесе сондай аудандарға жиі баратын адамдар міндетті түрде вакцина алуы қажет.
Денеге кене жабысқан кезде шұғыл профилактика ретінде вакцинацияланбаған адамдарға жасына байланысты бұлшықет ішіне 1,5-тен 3 мл-ге дейін иммуноглобулин құйылады. 10 күннен кейін препарат 6 мл мөлшерінде қайта салынады.