ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында күн сайын күрделі урологиялық операциялар жасалады. Аурухананың №4 хирургиялық бөлімі меңгерушісі, уролог дәрігер Бахтияр Қасымов аталмыш операцияларды қажет ететін ауру түрлерін, олардың күрделелігін және урологиялық аурулардың алдын алудағы денсаулық қағидасы жайлы арнайы сұхбатта ашып айтады.
– Бахтияр Ғалыұлы, медицинаның урология саласы қандай ауруларды емдейді?
– Урология – ауқымы кең сала. Мұнда тек ер адамдар емес, әйелдер де емделеді. Яғни урологияға бүйректің, қуық қалбыршағының, несеп жіберу жолдарының және ер адамдардың репродуктивті жүйесінің аурулары сыр берген науқастар жүгінеді. Біздің бөлім осы аурулар анықталып, хирургиялық операция қажет етілген кезеңінде науқасты қабылдайды. Ал әр операцияның өз диагнозы бар, өзінше күрделі және түрлі факторы қарастырылады.
– Урологқа әйел адамдар да қаралатын болса, уролог пен гинекологтің айырмашылығы қандай?
– Иә, екеуі екі бөлек сала болғанымен, бізде бірігіп жасалатын операциялық жағдайлар кездеседі. Мысалы, гинекология әйелдің жыныс ағзалары ауруларын диагностикалаумен, емдеу және профилактикалаумен айналысатынын білеміз. Кей жағдайда алдыңғы қынап қабырғаларының төмен түсуінен қуық жабылып, зәр ұстамайтын жағдай орын алуы мүмкін. Осындай жағдайда гинеколог дәрігерлермен бірігіп несеп жолдарын қалпына келтіреміз. Осы сияқты гинекологиялық және урологиялық шағым мен көрсеткіштер қатар келген жағдайларда екі сала бірігіп жұмыс істейді.
– ҚР ПІБ МО ауруханасында қандай күрделі урологиялық операциялар жасалады?
– Расымен де бізде жасалатын операциялардың оңайы жоқ деп айтар едім. Себебі әр операцияның салдары деген болады. Соған байланысты біз алдымен диагнозын саралаймыз, дәрігерлермен ақылдасамыз, нәтижесіне болжам жасаймыз. Содан кейін науқастың келісімімен операция қабылдаймыз. Қазіргі таңда операцияның 80-90 % аз инвозивті хирургиялық тәсілмен жасалады. Ал урология хирургиясында бүйрек аурулары бүгінде көш бастап тұр: бүйрек ұстамасы, майда тастар немесе маржан тәрізді үлкен тастардың жиналуы, қатерлі немесе қатерсіз ісіктер, бүйрек жылауығы (киста), бүйректің төмен түсуі (нефроптоз). Оларды күрделілігіне қарай түрлі тәсілдермен оталаймыз. Мысалы, бүйректегі тастарды бір тесік арқылы үгітіп сыртқа шығарамыз. Ісік болған жағдайда бүйректі сақтап қалуға барынша тырысамыз. Бұл лапароскопиялық тәсілмен, яғни кемінде үш жерден тесу арқылы жасалады. Ал бүйректі сыртқа шығару үшін теріні аздап тілуге тура келеді. Нефроптоз жағдайында біз әртүрлі жолмен бүйректі өз орнына тігіп, қалпына келтіреміз немесе тор тәрізді протез қолданамыз. Сондай-ақ несепағарға, яғни бүйрек түбегінен басталып, құрсақ қуысының бел аумағы арқылы жамбас қуысындағы қуыққа дейін созылған түтікше мүшеге де көптеген операция жасаймыз. Мысалы бүйректен шыққан майда тастар несепағардың ішіне тұрып қалып, зәр шығару жолдарын бітейтін гидронефроз ауруы осындай шұғыл операцияны қажет етеді. Әрі қарай несеп жолы мен қуық қабыршағының түрлі ісіктер, сарысулы ісіктердің пайда болулары, жыланкөз, простата аденомасы және өзге де ауруларға күрделі операциялар жасаймыз. Соңғы екі жылдан бері тәжірибемізге эректильді дисфункция жағдайында ер адамдардың жыныс мүшесіне протез орнату операциясы да жиі жасалады.
– Сіздің уролог дәрігер ретінде еңбек өтіліңіз қандай және аурухананың уролог дәрігерлерінің құрамы жайлы не айтасыз?
– Мен 15 жылдан бері мамандығым бойынша науқастармен жұмыс істеп келемін. «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Израильде білім алдым және соңғы заманауи медицина жаңалықтарынан қалыс қалмау үшін шет елдерде біліктілігімді арттырып отырамын. Мен ғана емес, қасымдағы әріптестерім де кемінде 2 жыл сайын білім мен білігін шыңдайды. Сондықтан бізде жоғары мамандандырылған дәрігерлер жұмыс істейді деп мақтана аламын. Бүгінде урологиялық хирургияда меңгерушіден басқа 4 дәрігер бар, күніне 3-4 күрделі операция жасалады. Жалпы аурухана бойынша уролог дәрігердің саны 15-ке жуықтайды. Соның ішінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, уролог дәрігер Ерлан Еңсебаевты та ерекше атап өткім келеді.
– Урологиялық ауруларды күрделі жағдайға жеткізбей, оның алдын алу үшін қандай дәрігерлік кеңес берер едіңіз?
– Бізде эпидемиологияға байланысты бірінші орынға шығатын ауру түрі көп. Ішетін су мен күнделікті тұтынатын тамақ түрлеріне қарай көп жағдайда несеп тас ауруы туындап жатады. Оның алдын алу өте қиын, тек бақылап тұру қажет. Урологияда осы және жасына қарай пайда болатын қатерлі ісіктер, дәреттің ұстамауы, простата аденомасы сияқты түрлі аурулар бар. Олардың нақты неден пайда болатынын айту қиын. Дәрігер ретінде салмағына қарай күнделікті 1,5-2 литр таза су ішуге, физикалық жаттығу жасап, қан айналым жүйесін жақсартуға және дұрыс тамақтану арқылы ағзамыздың саулығын сақтауға кеңес беремін. Бұл тек қана урология емес, кез келген аурудың алдын алуға ең дұрыс профилактика.