Басты бетШынар Итқұсова: Сырқатымды ұмыттырған – сәбиіме деген махаббат

Шынар Итқұсова: Сырқатымды ұмыттырған – сәбиіме деген махаббат

Шынар Итқұсова: Сырқатымды ұмыттырған – сәбиіме деген махаббат

Паркинсон – ми нейрондарын зақымдайтын созылмалы ауру. Жүйке жасушаларының біртіндеп өз қызметін жоғалтуынан пайда болатын бұл аурумен әлем елдері күресіп келеді. Бүгінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында да Паркинсон ауруы бар пациенттер емделеді. Соңғы алты жылдан бері сырқаты бойынша үзбей ем қабылдап, ауруға қарсы тұра білген Шынар Итқұсовамен арнайы сұхбат жүргіздік.

– Шынар, паркинсон сырқаты сізді алғаш қалай мазалады, белгілері қандай болды?

– Мен мемлекеттік қызметтегі өте белсенді, жауапты маман болатынмын, жиі іссапараларға шығып, елімізді таныстырып, көпшілік алдында сөз алу басты міндетіме кіретін. Кенет әр жиналыс алдында бойымды діріл билеп, сөз сөйлеуде дауысым бәсеңдеп, жазу-сызуда қолтаңбам өзгере бастағанын байқадым. Қонақ келгенде қамыр жаю, пышақпен нан турау, киімімнің түймесін қадау, тіс жуу сияқты үй шаруасындағы да майда тірліктер де қолымнан келмей жатқанына таңдандым. Көшеде жүруді ұмытып қалғандай қадамым кілт тоқтап қалатынды шығарды. Осылай денсаулығымдағы өзгерістер нашарлай берген соң дәрігерге көріндім. Алайда менің диагнозымды бірден анықтай алмады.

–ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы дәрігерлері сырқаттың алдын алуда және емдеуде қандай ем-шаралар қолданды?

– Бұл ауруханаға келгенімде дәрігерлер маған бірден паркинсон диагнозын қойып, мені асқан ыждағатпен емдеуге кірісті. Әрине, бұл диагнозды естігенде менің рухым түсіп, «ақыр заман» орнағандай өте жағымсыз күй кештім. Мұндағы дәрігерлер ауруды түбегейлі емдеу мүмкін болмаса да, спортпен шұғылдануды 3-4 есеге арттыру арқылы ауруға төтеп беруге болатынын айтты. ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында әлі күнге дейін тіркеудемін, жыл сайынғы кешенді оңалтуда емдік дене тәрбиесімен қатар, білікті психологтер де медициналық жәрдемін аямайды. Әсіресе, Раушан Серікбайқызы, Венера Қанатқызы, Жанар Бақытжанқызы, Ғалымжан Толқымбаев бастаған дәрігерлер тобына алғысымды білдіргім келеді.

– Паркинсон сырқаты бар науқастарға аурумен күресу үшін қандай кеңестер берер едіңіз?

– Жақында маған «Сіздің жағдайыңызды көріп қанаттана түстім, мен де сіз сияқты сырқатыма қарамастан дүниеге сәби әкелгім келеді», – деп бір қыз хабарласты. Мен де біреулерге үлгі болып, ақыл-кеңесіммен көмектесе алсам, өте қуаныштымын. Паркинсон – жазылмайтын сырқат екенін білемін, оны сағыңды сындырмастан қабылдай білудің өзі жеңіс. Мен дәрігерлердің жіті бақылауы және қолдауымен өмірге дені сау бала әкелдім. Бұл мен үшін теңдессіз сый. Бар сырқатымды ұмыттырып, жаныма дауа бола білген – сәбиіме деген махаббат.

– ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында ашылған Паркинсон мектебінде қаншалықты белсендісіз?

– Паркинсон мектебінің ашылғанын қолдаймын. Осы диагнозбен ем қабылдап жүрген жандардың үйде отырып қалмай, жарыққа шығып, бір-бірін қолдап, демеу көрсетуде септігі мол. Сондықтан мен бұл мектептің барлық іс-шарасында белсенді болуға тырысамын. Басқаларды да соған үндеймін.