Бүгінде сүт безі обыры - медицинаның өзекті мәселелерінің бірі. Отандық ғалымдар онкологиялық аурулардың ішінде көш бастап тұрған аталмыш дертті ерте диагностикалаудың, емдеудің жаңа әдістерін ойлап табуда үздіксіз еңбек етіп келеді. ҚР ПІБ МО ауруханасының білікті маманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Насрулла Шаназаров бастаған ғылыми топ обыр кезіндегі тері метастаздарының флуоресцентті диагностикасы және фотодинамикалық терапиясы тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, патентке ие болды.
Зерттеу жұмысы фотодинамикалық терапия әдісімен сүт безі обырына шалдыққан тері метастазасы бар пациенттерді емдеуде арналған. Әлемдік тәжірибеге негізделген ғылыми еңбекте жарықтың әсерінен дәрілік заттар мен патологиялық тіндердің өзара әрекеттесу сипаты туралы деректер талданып, фотодинамикалық терапияның жаңа тәсілі ұсынылған. Осы орайда, өнертабыс авторларын медицина ғылымындағы жеткен жетістіктерімен құттықаймыз!