Басты бетДүниежүзілік микробқа қарсы препараттарды дұрыс қолдану апталығы

Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарды дұрыс қолдану апталығы

Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарды дұрыс қолдану апталығы

18-24 қараша аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарды дұрыс қолдану апталығы өтеді. Бұл іс-шараның мақсаты – бүгінгі медицинадағы ең маңызды қиындықтардың бірі – микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің таралуы туралы баршаға  хабарлау.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында 2016 жылдан бастап антибиотикке төзімділікті тежеу мақсатында «Антибиотиктерді тиімді пайдалану» бағдарламасы енгізілді. Әр түрлі бейіндегі мамандарды (хирург, терапевт, реаниматолог, клиникалық фармаколог, эпидемиолог, микробиолог) қамтитын көпсалалы команда құрылды.

Күн сайын антибиотиктерді тағайындау және олардың басқа дәрілік заттармен дәрілік өзара әрекеттесуі бақыланып отырады. Антибактериялық терапияны дұрыс таңдауда ажырамас рөл атқаратын ең жақсы микробиологиялық диагностика үшін біздің Ауруханада EUCAST әдісі бойынша антибиотиктерге сезімталдықты анықтаудың халықаралық стандарттары енгізілді. Бұл антибиотикке төзімділікті бағалауға және әлемдік стандарттарды практикада қолдануға мүмкіндік береді. Заманауи масс-спектрометрді қолданысқа енгізу жоспарда бар. Сондай-ақ, жыл сайын микробиологиялық пейзаж бен микроорганизмдердің бактерияға қарсы препараттарға сезімталдығына мониторинг жүргізіледі.

Формулярлық комиссия эмпирикалық және фокустық терапия стратегиясын әзірлеп, жыл сайын антибиотиктерді дұрыс қолдануға мүмкіндік беретін индикаторларды жаңартып отырады.

Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарды дұрыс қолдану апталығы шеңберінде Ауруханада антибиотиктерге төзімділікті тежеу мақсатында клиницист дәрігерлерге арналған дәрістер, семинарлар өтетін болады, онда антибиотиктерді ұтымды пайдалану мәселелері талқыланады.