Басты бетПаркинсон мектебінің кезекті кездесуі өтті

Паркинсон мектебінің кезекті кездесуі өтті

Паркинсон мектебінің кезекті кездесуі өтті

ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасында Паркинсон ауруы бар науқастар мен олардың туыстарына арналған мектептің кезекті кездесуі өтті.

 

Паркинсон мектебі пациенттерге психологиялық қолдау көрсетудің маңызды факторы болып табылады, өйткені мұндай кездесулер оларға қарым-қатынас жасау және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Невролог-паркинсонолог Раушан Таутанова мен нейрохирург Талғат Ермеков жиналғандарға Паркинсон ауруын емдеу және оңалту туралы ақпаратпен, тұрмыс, тамақтану, диетаны ұйымдастыру мәселелерімен  таныстырды. Шараға 10-нан астам пациент қатысты. 

 

Паркинсон мектебінің алғашқы кездесуі биылғы жылдың қазан айында пациенттердің өтінішімен ұйымдастырылды. Дәрігерлер пациенттер мен олардың отбасы мүшелерін емнің қыр-сырымен таныстырады. Дәрі-дәрмектің әсері, оларды қабылдау ерекшеліктері туралы дұрыс ақпарат бере отырып, салауатты өмір салты негіздеріне, асқыну, өршудің алдын алуға үйретеді.

Осындай кездесулердің пациенттерге клиникалық және психологиялық тұрғыдан жақсы көмегі тиеді. Паркинсон мектебін ұйымдастыру – осы аурумен ауыратын әр пациенттің өмір сапасын жақсартуға септік етеді. Бұл – невролог, нейрохирург, реабилитолог, логопед және басқа да мамандар бірлескен үлкен команданың жұмысы. Ұйымдастырушылар Паркинсон мектебінің жұмысын тұрақты іс-шараға айналдыруды жоспарлап отыр.