ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасында Паркинсон ауруы бар пациенттерге арналған мектептің алғашқы кездесуі өтті.
Шара барысында невролог-паркинсонолог Раушан Таутанова мен нейрохирург Талғат Ермеков жиналғандарға Паркинсон ауруын емдеу және оңалту туралы ақпаратпен, тұрмыс, тамақтану, диетаны ұйымдастыру мәселелерімен және басқа да маңызды ұсыныстармен таныстырды. Кездесуге 20-ға жуық адам қатысты.
«Паркинсон мектебі пациенттеріміздің өтініші бойынша ұйымдастырылды. Біздің міндетіміз – пациенттер мен отбасы мүшелерін емнің қыр-сырымен таныстыру. Мамандар оларға дәрі-дәрмектердің әсері туралы, оларды қабылдау ерекшеліктері туралы дұрыс ақпарат бере отырып, салауатты өмір салты негіздеріне, асқыну, өршудің алдын алуға үйретеді», – дейді ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының невролог-паркинсонологы Раушан Таутанова.
Паркинсон мектебін ұйымдастыру – Паркинсон ауруы бар әр пациенттің өмір сапасын жақсарта түсуге бір қадам. Бұл невролог, нейрохирург, реабилитолог, логопед және басқа да мамандар бірлескен үлкен команданың жұмысы. Осындай мектептер көптеген елде бар және олардың клиникалық және психологиялық тұрғыдан жақсы көмегі тиеді.
Ұйымдастырушылар Паркинсон мектебінің жұмысын тұрақты іс-шараға айналдыруды жоспарлап отыр. Аурухана неврологтары жыл сайын 100-ге жуық адамға қозғалыс бұзылыстары бойынша консультация беріп, емдейді. Олардың кейбіреуі операциялық ем алады.