Бүгін «Клиникадағы клиника» жобасы шеңберінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасына Қазан (Приволжск) Федералдық университетінің делегациясы ресми сапармен келді.
Сапардың басты мақсаты – ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы стратегиялық уағдаластыққа қол жеткізу және кеңейту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы іскерлік байланысты дамыту. Кездесу барысында Валерий Бенберин ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтіп, қонақтарды Аурухананың әлеуеті мен мүмкіндіктерімен таныстырды.
Сапар шеңберінде ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы мен Қазан (Приволжск) Федералдық университеті ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері: МОА базасында «Клиникадағы клиника» жобасын бірлесіп іске асыру, клиникалық медицинаның, геномдық зерттеулердің, нысаналы медицинаның жетістіктерін, клиникалық практикада молекулалық және жасушалық диагностиканы, регенеративті медицинаны, медициналық оңалтуды қамтитын инновациялық медициналық технологияларды бірлесіп әзірлеп, қолдану, өзара сараптамалық және консультациялық көмек көрсету, оның ішінде телемедициналық және ақпараттық технологиялар арқылы бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру және іске асыру. Сонымен қатар, Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін дамытуды жоспарлап отыр.
Ресми сапар шеңберінде фотодинамикалық терапияны қолдана отырып, жедел емдеуді талап ететін эндокриндік патологиясы бар пациенттерге консультациялар жүргізілді. Сондай-ақ, шеберлік сыныбы барысында МОА және Нұр-Сұлтан қаласының медициналық ұйымдарының дәрігерлеріне дәрістер өткізілді.
Қонақтар кездесудің денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шексіз мүмкіндіктер беретінін атап өтті.