Президенттік клиника директорының емдік-диагностикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева Қазақстан клиникалық фармакологтарының екінші конгресіне қатысты. Ол антикоагулянттарды қауіпсіз қолдану практикасынан алынған жағдайлар көрсетілген екі баяндама жасады.
«Баяндамада дәрілік препараттардың қауіпті тобын тағайындау кезінде дәрігерлер жиі жіберетін қателіктер талданды. Қолдану қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы халықаралық дереккөздерден алынған мәліметтер көрсетілген. Менің екінші баяндамам коморбидті пациенттерді, полипрагмазияны емдеуге арналған. Баяндама да біздің жеке тәжірибемізге негізделген», - деп бөлісті Президенттік клиника директорының емдік-диагностикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева.
Президенттік клиника пациентті сапалы және қауіпсіз емдеуге көп көңіл бөледі. 2021 жылдан бастап JCI халықаралық аккредиттеу шеңберінде полипрагмазия жобасын іске асыру басталды. Сондай-ақ, клиника дәрігерлері бірнеше ауруы бар ауыр коморбидті пациенттерге дәрілік терапияны тиісті түрде тағайындауға үйретіледі.
«Өкінішке қарай, бұл – Қазақстанда жеткілікті көңіл бөлінбейтін дүниежүзілік проблема. Біз бұл жүйені үлгі ретінде әзірлеп, кейін еліміздің басқа клиникаларына таратып, өз тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Сондықтан біз үшін тәжірибемізді көрсететуге мүмкіндік беретін конференцияларға қатысу өте маңызды. Біз қазақстандық және шетелдік әріптестерімізден кері байланыс алудамыз. Түрлі елдердің жетекші мамандарының өзара ынтымақтастығы медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға көмектеседі», - деп атап өтті Президенттік клиника директорының емдік-диагностикалық жұмыс жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева.
Қазақстан клиникалық фармакологтарының конгресі «Семей медицина университеті» КЕАҚ базасында өтті. Оған АҚШ, Жаңа Зеландия, Ресей, Беларусь, Украина және Қазақстанның ғалымдары қатысты.