Кеше, 2021 жылдың 11 сәуірі Дүниежүзілік Паркинсон ауруына қарсы күрес күні атап өтілді.
Бүкіл әлем бойынша аталмыш ауру өмірін өзгерткен адамдардың қауымдастығы өз оқиғаларымен бөлісуге шешім қабылдады. «Сіздің басыңыздан кешкен тарихыңызға, Паркинсон ауруына қатысты тәжірибеңізге қарамастан, Сіз жалғыз емессіз!» - атаулы күннің басты айтары осы.
Біздің мақаламыздың кейіпкері Андрей Соколов та Паркинсон ауруына шалдыққан адамдардың үмітін жоғалтпауы және ауруға беріле салмауы үшін өз оқиғасымен бөлісуді жөн көрді: «Осы бір қауіпті аурумен ауыратын адамдарға айтарым, ойланбаңыз, мұндағы дәрігерлерге хабарласып, операция жасатауға келіңіз. Операция өмірді айтарлықтай өзгертеді!»
(Андрей Владимирович нейростимуляторды баптау сәтінде)
Андрей Владимирович Теміртау қаласында тұрады. Ол биыл 54 жасқа толды. Отбасының жалғыз асыраушысының 10 жыл бұрын өмірі күрт өзгереді, оның бойында осы аурудың алғашқы белгілері байқала бастайды:
«Бұл жағдай 2011 жылы болды. Бастапқыда оң қолым қатты тартыла бастады, ал оң аяғым дұрыс жүргізбей, оны сүйреп басып жүрдім, – дейді Андрей Владимирович. – Содан кейін тіпті ақсай бастадым. Өз қаламдағы невропатологқа жүгіндім: дәрігер Паркинсон ауруының белгілері екенін айтты».
Андрей Владимирович дәрі-дәрмектерді тұрақты қабылдап отырған, соған қарамастан ауру симптомдары бірте-бірте үдей түскен. 2018 жылы әйелі екеуі Паркинсон ауруына шалдыққан пациенттерге көмектесетін операциялар жасалатындығын біледі:
«Әйелім алғашқыда Мәскеудегі клиниканы тапқан, бірақ мұндай операция ол жерде 700 мың рубль тұрады екен. Біздің мұншама ақшамыз болмады. Әйелім клиника іздестіруін жалғастыра берді, бірде Президенттік клиниканың сайтына тап болды, осылайша мұндай операциялар өзіміздің Астанада да жүргізіліп жатқанын білдік. Біз бірден осында хабарластық, содан кейін бізді Еуропадан шақырылған маманның консультациясына шақырды».
«Қабылдау кезінде дәрігер дәрі-дәрмектерді қабылдау режимін түзетіп, мидың нейростимуляциясы бойынша операцияға Андрей Владимировичтің тамаша үміткер екенін айтты», – дейді Президенттік клиниканың невропатолог дәрігері Раушан Таутанова.
(Мидың нейростимуляциясы бойынша операцияның бірінші кезеңі. Суретте Президенттік клиниканың нейрохирург дәрігері Талғат Ермеков)
Дәрі-дәрмектерді қабылдау кестесін өзгерту Андрей Владимировичтің жағдайын жақсартты. «Леводопа – Паркинсон ауруы кезінде қолданылатын дәрі», – деп жалғастырды Раушан Таутанова. - Ол жақсы дәрі, дегенмен айтарлықтай жанама әсерлері бар: Андрейдің қолдары мен аяқтарының бақылаусыз қозғалысы пайда болды. Сондықтан да көптеген пациенттер Леводопаны қабылдауға шыдамайды. Мұндай жағдайларда нейростимуляция операциясы ұсынылады, мен де осы операцияны Андрейлерге ұсындым. Біз алдын-ала барлық қауіптер мен ықтимал асқынуларды талқылап алдық. Ойланғаннан кейін олар емделуге шешім қабылдады: портал бойынша келді, тексерілді және тегін ем алды. Операция сәтті өтті!»Бұл операция екі кезеңмен жүзеге асырылады: нейрохирургтар адамның миына электродты дұрыс енгізіп, кеудеге кардиостимулятор сияқты нейростимуляторды орнатуы керек. Алайда, бұнымен емдеу тоқтамайды. Бұл нейростимуляторды пациент дәрі-дәрмектің дозасын төмендетіп, нәтижесінде бұрынғы өміріне оралуы үшін дұрыс баптауы керек.
Андрей Владимировичтің алғашқы консультациядан бүгінгі күнге дейін ұзақ жолдан өткенін бірден байқауға болады. Бұл процеске Президенттік клиниканың тұтас нейрохирургиялық тобы қатысты: невропатолог, нейрорадиолог және нейрохирург. Операцияны нейрохирург Талғат Ермеков жүргізді. Алайда, емдеу мұнымен аяқталған жоқ: біздің кейіпкерімізге имплантацияланған стимуляторды баптау үшін әлі де мұқият жұмыс жүргізу қажет.
«Операциядан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Әрине, арасында жақсы да, жаман да болады, өйткені стимуляторды әлі де баптау керек», – дейді Андрей Владимирович. - Бүгін сол баптауды жасату үшін келіп отырмын. Менің түсінгенім, стимуляторда мұқият баптауды қажет ететін көптеген функциялар бар. Раушан Серекпаевна жағдайымның тұрақты болуы үшін, ол кісіге жиі келе бермеуім үшін баптаудың алтын ортасын табуы керек».
(Арнайы бағдарламашы арқылы нейростимуляторды баптау)
Соңында Андрей Владимирович барлық дәрігерлерге алғысын білдірді: «Ризашылығымды білдіру үшін тіпті сөзім жоқ. Олардың алтын қолдарының көмегімен көптеген адамдар жазыла бастайды. Ал қауіпті аурумен ауыратын адамдарға айтарым, ойланбаңыз, мұндағы дәрігерлерге хабарласып, операция жасатауға келіңіз. Операция өмірді айтарлықтай өзгертеді!»Президенттік клиниканың баспасөз қызметі