Біз Гүлбарамнан өмірінде болған ең қызықты оқиғасы туралы сұрағанда, ол бірден күлімсіреп, ұлының дәрігер мамандығын қалай таңдағандығын есіне алды:
«Менің ұлым ешқашан дәрігер болам деп ойлаған емес. Алдымен ол журналист болғысы келген. Содан кейін Санкт-Петербургтегі ғарыш академиясына түскісі келді. Бірақ 11-ші сыныпты аяқтағаннан кейін, медицина саласына баратынын айтты.
Менің: «Неге?» - деген сұрағыма: «Басқа қайда барамын?» - деді.
Себебі ол осы ауруханада өсті ғой. Ауруханада жұмыс істеген кезде, мені тіпті түнде де операцияға жиі шақыратын. Ал мен болсам, баламды жалғыз қалдырып кетуден қорқатынмын, сондықтан оны оятып, өзіммен бірге алып кететінмін. Ол бұл жұмысты бүге-шігесіне дейін біледі десек те болады.
Ауруханада ол ешқашан ұйықтамайтын. Керісінше, ол мейірбикенің қасында, операциядан шыққанша мені күтіп отыратын. Кейде таңғы сағат 6-да шығатынмын, киіндіріп, бірден балабақшаға апарып тастайтын күндерім де болған. Әріптестерім оны «жарты ставкада» істейді деп қалжыңдайтын.
Көрген қиындықтарға қарамастан, ол дәрігер боламын деп шешті. Мен мұны мақтан тұтамын: ол осындай сыйлы дәрігер болды.
Менің өмірімдегі ең қызықты оқиғалар да осы шығар: балаларымызға қатысты нәрселер».
Сондай-ақ, Гүлбарам өзінің өмірлік ұстанымымен бөлісе отырып, адамның әрқашан да адам болып қалуы маңызды екенін айтты. Ол өзі үшін болашақта лайықты дәрігерлер буынын тәрбиелеймін деп шешіпті.