Бұған дейін хабарланғандай, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енеді. Заң талаптары бойынша ең алдымен сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді. Жарна мөлшерін төмендету мақсатында заңға енгізілген түзетулер парламент тарапынан толық мақұлданып, күні кеше құжатқа мемлекет басшысы қол қойған болатын.
Қабылданған түзетулерге сәйкес, жұмыс беруші ай сайын жұмыскер жалақысының 1 пайызы көлемінде жарна төлейді (бірақ жарна көлемі 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс – бұл жарна есептелетін жалақының жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақының 1 пайызы). Жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар (жеке меншік адвокаттар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар) 2017 жылы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы мөлшерінде немесе 2445,9 меңге көлемінде жарна төлемек. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде де жарна аударады.
Заңға енгізілген өзгерістер бірінші кезекте бизнеске түсетін салмақты азайтуға бағытталған. Бұл түзетулер елдегі экономикалық ахуалмен тығыз байланысты. Оны мемлекеттік органдармен, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесі деуге болады. Атап айтар болсақ, жұмыс берушілерге арналған жарнаның ең жоғарғы мөлшері 5 пайыздан 3 пайызға, жеке кәсіпкерлер үшін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер үшін жарна есептеу объектісі де қысқартылды: егер бұрын жеке кәсіпкер табысының 7 пайызын Қорға аударуы тиіс болса, соңғы өзгерістер бойынша 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын төлейтін болды.