Хосеп Бругада жергілікті уақытқа үйреніп келеді: дәрістен кейін аздаған сүт қосылған қою кофе ішеді, оның жеке өтініші – Қазақстанға келгендегі жоспарланған тығыз кестесін орындау болатын.
«Мен мұнда таңғы бес отызда ұшып келдім. Бұл уақытта Барселонада сағат түнгі үш. Дәл ұйықтайтын кез», - дейді доктор Бругада, ыстық кофені ұстап отырып, қазірше тек тамақ туралы өз әсерімен бөлісуде.
Жаңа пісірілген самсаны нұсқап: «Бұл өте дәмді екен, ал мыналар өте пайдалы», - деді бір уыс жаңғақ пен кепкен жемісті алып. Әлемге аты танымал кардиолог, Барселонадағы госпитальдық клиниканың докторы Хосеп Бругада медицинадағы тірі аңыз статусын айтып мақтанбайды, оның тұлғасының танымалдылығы туралы кәсіби өміріндегі болып жатқан оқиғалардан аңғаруға болады, жақында отыз мың адамның қатысуымен өткен халықаралық кардиологиялық форумға қатысқан, оның дәрістеріне бес мың адам қатысқан, тіпті бір стадион адамға тең. Сезімді айтып жеткізе алмайсың.
Әрине, олармен салыстырғанда Президенттік клиниканың аудиториясы кішкене. Алайда, бұл жерде де аншлаг орнады: «Жүрек ырғағының өмірге қауіп төндіретін ақауларын диагностикалау туралы» тақырыбындағы бірінші таңғы дәрістен кейін, доктор Бругаданың жанына жақын келу мүмкін емес болды, себебі естелік суретке түсу үшін студенттер мен мамандар ол кісіні қоршап алған. Жұлдыз емей немене дерсің?
Доктор Бругада үзіліс кезінде былай деді: «Біз бүгін жүрек ауруы салдарынан кенеттен болатын өлімнің алдын алу мәселесіндегі медицинаның мүмкіндіктері туралы айтамыз. Бізге соңғы отыз жылда жүрегі қалыпты жұмыс істейтін адамдардың кенеттен өліп кетуі туралы көп зерттеу жүргізуге тура келді, миокард инфарктісі және басқа да құрылымдық аурулары бар пациенттердің кенеттен өліп кету мүмкіндігінің жоғары екендігін білеміз, алайда, құрылымдық жүрек ақаулары жоқ, бірақ аритмия байқалған көптеген пациенттерге тап болдық, дәл осы жағдай кенеттен өлімге әкелетін болған. Бұл құбылысты бүгінгі таңда жүрек каналопатиясы деп те атаймыз, бұл жүректің электр каналдарындағы генетикалық ақау деп есептелінеді. Оларды жүрек құрылымынан көре алмайсың, бірақ олардың функциясы маңызды болып табылады».
«Бұл сырқатты аритмия мен аурудың түріне байланысты емдейді, себебі жүректің электр жүйесінің түрлі ақаулары болуы мүмкін» - деп жалғастырды сөзін доктор. Кейбір пациенттердің жағдайын дәрі-дәрмектің көмегімен бір қалыпта ұстап тұруға болады, ал кейбіреулеріне операция жасалады – адамның жүрек-қантамырлық жүйесіне жүректің ырғағын бақылап отыратын кардиовертер-дефибриллятор қондырылады.
Жүректегі ақау туралы қалай білу керектігі жайлы сұрақ қойылғанда, доктор Бругада диагностиканың көмегімен анықтауға болатындығын айтты.
«Электрокардиограмма (ЭКГ) – пациенттердің жүрегіндегі аритмиялық ақауларды тексеретін басты құрал. Адамда аурудың бар-жоғын анықтау үшін біз ЭКГ-ның нәтижесіне қараймыз. Сондықтан да, біз, кардиологтар, әрбір адамның ЭКГ өтіп тұруын сұраймыз.
- Жыл сайын ба?
- Жоқ, не үшін? Біз, әдетте, өмірлерінде ең болмағанда бір рет өтулерін сұраймыз».
«Бұл, әсіресе, спортпен айналысатын адамдарға қатысты, - деді де, Хосеп Бругада Президенттік клиникадағы дәрістің «Кенеттен болатын өлім және спорт» атты келесі тақырыбына ауысты. Бұл жерде доктор Бругада дәрігер-практик ретіндегі білімімен бөлісті. Оның кәсіби құжаттамасындағы тағы бір көпшілікке белгісіз ерекші қыры: доктор Бругада – «Барселона» футбол клубындағы спорттық кардиология бөлімшесінің директоры болып табылады.
«Спортпен айналысардың алдында, мен, алдын ала скрининг өтуді, жүрегіңізде ақаудың жоқтығын, отбасыңызда кенеттен болған өлімнің орын алмағандығын, клиникалық анализдеріңіздің қалыпты екендігіне көз жеткізу үшін дәрігермен кездесуді ұсынамын. Бұлардың ішінде міндетті түрде ЭКГ болу керек, себебі докторлар бірнәрсені байқауы мүмкін. Белсенді спортпен айналысатын адамдарға әрбір үш жыл сайын Эхокардиограмма (ЭхоКГ) және стресс-тест өтуді ұсынамыз».
Мұндай кінәмшілдік не үшін қажет? Әдетте, спортсменнің тәжірибесі мол болған сайын, оның жүрегі соншалықты төзімдірек болмаушы ма еді? Дәріс кезінде доктор Бругада кереғар статистика туралы баяндады: кәсіби деңгейде аптасына он сағаттан аса спортпен шұғылдану кенеттен өліп кету мүмкіндігін 4,5 есеге арттырады.
Өзінің үлкен ағасы Педроның жолын қуып, кардиологияны таңдаған аңыз доктор үзіліс кезінде сәл салқындап қалған кофесін ішіп отырып, былай деді:
«Кофеин жүрек жұмысын белсендіреді, жүрек жылдам және қаттырақ соға бастайды. Сондықтан да, бұл жерде өте мұқият болу керек. Бір күрішке кофеден ешнәрсе бола қоймас әрине, ал күніне жиырма күрішке кофе ішу денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін».
«Бәрі өз орнымен болу керек, жүрек сау болу үшін саламатты өмір салтын сақтану жеткіліксіз, ол үшін күнде бақытты болу керек! Бұл жерде ешқандай да сиқыр жоқ» – деп, Хосеп Бругада кофе ішуді аяқтап жатып, ойын қорытындылады.